Аудан 1930 жылы құрылған. Жаңақала ауданы Батыс Қазақстан облысының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ауданның аумағы 20,8 мың шаршы км тең. 2015 жылдың 01 шілдесіне ауданның халқы 24298 адамды құрады. Халықтың орташа тығыздығы (1 шаршы км аумақта) 1,2 адамды құрайды. Ауданнан бірнеше өзен ағып өтеді, олар: Үлкен Өзен - ұзындығы 70 км, Кіші Өзен - ұзындығы 60 км, Көшім - жалпы ұзындығы - 90 км, Мұқыр -ұзындығы 25 км.

Аудан орталығы 1972 жылы құрылған Жаңақала кентінде орналасқан, аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық - 252 км. Аудан құрамына 9 әкімшілік-аумақтық бөлініс кіреді: Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол, Көпжасар, Меңдешев, Пятимар, Бірлік, Қызылоба және Жаңақала ауылдық округтері. Аудан орталығы - Жаңақала ауылы.

Жаңақала-киелі өлке, қасиетті мекен. Осы өңірде қайталанбас өнер алыптары Құрманғазы, Дина, мәмен, Қали, Оқап, Шамғондардың дүниеге келуінде де бір тылсым күш, бекзаттық бар сияқты.

Бұл өлкеде С.мендешов, Н.Залиев, М.Бутин, А.Дауылбаев, М.Шомбалов, І.Еділбаев, І.Әбуғалиев, Х.Маданов, Ә.Нарымбетов сынды қайраткерлер өмірге келген.

Кешегі Кеңестік кезеңде тек бір ауданнан 16 Социалистік Еңбек Ері, 4 Кеңес Одағының Батыры шыққан.

Ұлы Отан соғының қиын қыстау кезеңінде жеңіске өз үлестерін қосуды мақсат еткен аудан еңбеккерлері тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, КСРО Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алса, 1948 жылы Одақтық дәрежедегі органдардың ауыспалы қызыл туын жеңіп алған да осы аудан еңбеккерлері.

Кешегі Кеңестік кезеңде экономикасы мен мәдениетін, әлеуметтік жағдайын дамытудағы жетістіктері үшін аудан есімі республиканың Алтын кітабына жазылды.

Бұрынғы Бөкей Ордасының бір бөлігі болып келген қазіргі Жаңақала ауданының жерін мекендеген адамдардың ертедегі тарихына көз жүгіртетін болсақ, бұл маңда өмір сүрген қажырлы халықтың Ежелгі Сақ, кейінгі Сақ Қазақ ұрпақтарыына жататынын айту керек.

Сонау жер ұлттық, мемлекеттік, жеке меншікке айналмаған, халықтар ұлтқа, дінге бөлінбеген кезеңде бұл жерде сак-сака деген халық өмір сүрген.

Жаңақала жеріне халықтың орнығуына екі жағдай себепкер болған. Біріншіден бұл өңір мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы болса, екіншіден сазаны тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған Қамыс-Самар көлдерінің ырыс-берекесі халықты отырықшылыққа бейімдеген.

Жаңақала өңірі аудан болып қалыптасқанға дейін Бөкей губерниясына қарайтын жеті аумақтық бөліністің бірі он алты болыстан тұратын Қарасамар қисымы болған.

Осы қисымдар әуелі уез, одан кейін аудан болып қайта құрылғанда Жаңақала қалыптасты. Оның осылай аталуына 1850 жылдарда Қамыс-Самар көлінің жағасына жақын жерде орналасқан қазақ қыстауларына жанастыра қала тәртібімен үй салып, оған Новая-Казанка (Жаңа Қазаншық) деп ат берген Қазан қаласынан келген татар ағайындар еді. Жергілікті халық оны бірден Жаңақала деп  атап кетті. Осы атаумен картаға түсті.

Қазіргі Жаңақала ауданының аумағында 1920 жылы Бөкей губерниясына қарасты Жаңақала уезі құрылып, оның қарауында бастапқыда 8, соңынан 22 болыс болған.

1925 жылы губернияларды ірілендіру кезінде Жаңақала уезі ажыратылып, бұрынғы Бөкей губерниясы уезд болуына байланысты барлық болыстар Бөкей уезіне қосылып, Орал губерниясына кірді.

1930 жылы әкімшілік аймақтарды қайта құру мақсатында бұрынғы уезд аудандарға айналдырылып, Жаңақала ауданы Қазақстанда жаңадан құрылған 6 облыстың бірі Батыс Қазақстан облысына қарады. Сол жылы шағын аудандарды ірілендіру мақсатында Жаңақалаға көршілес Сламихин ауданы қосылды.

1922 жылы қазіргі аудан аумағында алғашқы коммунистік ячейкада 23 партия мүшесі болса, 1925 жылы ячейка саны 8-ге жетіп, онда 59 партия мүшесі, 77 кандидат есепте тұрған. оның 16-сы әйелдер.

1932 жылы өткен аудандық партия комитетінің ІІ пленумына 25 пленум мүшесі, 60 белсенді, барлығы 85 адам қатысқан.

1942 жылы аудан аумағында 34 бастауыш партия ұйымдарында мүше-кандидаттарды қоса есептегенде 266 адам болса, 10 жыл өткеннен кейін 1952 жылы 36 бастауыш партия ұйымдарында 513 мүше және кандидат болған.

1962 жылы аудан ажырағанда 28 бастауыш партия ұйымдарында 735 партия мүшесі болса, 1983 жылдың соңында 39 бастауыш партия ұйымдарында 1070 СОКП мүшесі мен кандидаттар есепте тұрған.

Жаңақала - киелі өлке. Бұл өңірде күй алыптары Құрманғазы мен Дина, олардың ізбасарлары Мәмен, Қали, Оқап, Шамғондар дүниеге келген. Осы өлкеде кіндік қандары тамған Исатай-Махамбеттер ақырып теңдік сұрап, ұлт-азаттық көтерілістің туын көтерген.

Жаңақаланың бірқатар жер атаулары халық ақыны Ғылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» поэмасында кездеседі.

Жаңақала жерінен жыраулар мен ақындар да көптеп шыққан.

«Бес ғасыр жырлайды»- деген үш томдық жинаққа өлеңдері енген атақты Жиембет жырау, Қара бура алаша Жұмырбай, Білек, Өтеғали ақындар, тіл маманы Ахметұлы Ғұбайдолла, көрнекті әдебиетші Меңдіханов Ишанғали осы өңірдің түлектері екенін кейінгі ұрпақтары мақтаныш етеді.

Осы өңірге келген татар ағайындар жергілікті халықтардан әр түрлі мал өнімдерін алып сауда-саттық жұмысын ұйымдастырып, Астрахан және ішкі Ресей қалаларымен байланыс орнатты.

Мұнда 1892 жылы тұңғыш орыс-қазақ мектебі ашылып, оған Қазан қаласынан мұғалімдік семинария бітірген И.М.Сиротин деген ұстаздық еткен.

Табиғи байлығы мол өңірге өзге жұрттардың қызығушылығы артып, бірте-бірте отырықшылық жүйе қалыптасып, жергілікті жұрт ішкі құмға қарай ысырылып, халық ең шұрайлы мекендерден айырыла бастаған.

Тарихқа белгілі атақты Исатай-Махамбет бастаған ұлт азаттық көтерілісінің туындау себебі осы әлеуметтік теңсіздіктің салдары еді.

Өткен ғасырларда осы өңірде Ресейдің аса зиялы адамдары да болған. Солардың бірі академик Т.С.Палас өзінің экспедициясымен 1759 жылы Қамыс-Самар бойында бірнеше ай болып кіші жүз халықтарының салт-тұрмыс және өнеріне байланысты құнды деректер жинаған. 1873 жылы белгілі саяхатшы, Қазан университетінің профессоры, зоолог-ботаник Э.А.Эберсман, этнограф-натуралист Г.С.Карелин мұнда біраз уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Қамыс-Самар қазақтары 1846 жылы академик А.М.Бутлеровты зоолог-жазушы Н.П.Вагнерді, орыстың белгілі химигі М.Я.Киттарды қабылдады.

Россиядағы топырақтану ғылымының негізін салушы П.А.Костычев 1884 жылы осы өңірде болды. Сол жылдары атақты орыс оқымыстыларының бірі, антрополог А.А. Харузин Қамыс-Самар өңіріне келіп, антропологиялық деректер жинап, жергілікті адамдардың тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Осының бәрі де біздің өңіріміздің мейлінше танымал болуына, өркениеттің орнығуына, осы өңірде мәдениет пен білімнің, денсаулық саласының жақсы дамуына себепкер болды.

Ұлы Қазан Революциясы бұл өңірде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап орнады.

1919 жылдың шілде айының айының бас кезінде қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкінің үшінші эскадроны Жаңақаланы ақтардан босату жолында жоғары командованиеден бұйрық алды.

Құрамында 250 жауынгері бар бұл эскадронды Сейткерей Нұралыханов басқарды.

Бұл эскадрон тапсырманы ойдағыдай орындағаннан кейін революциялық комитет құрылып,оның төрағалығына Мұхтар Сәрсенбиев тағайындалды. Революциялық комитет мүшелері болып Шабақ Тұнғатов, Ғалым Жантұрсынов, Жақсыбала Шойтықов, Боқан Сетекбаев, Ғабдолла Кербаев, тағы басқалар сайланды.

Әскери коменданттыққа Ордадан үшінші эскадронмен бірге келген Бозай Аманғалиев тағайындалды. Оның байланысшылары болып Әбу (тегі ұмтылған), Сары Бисенғалиев, Жанеділ Арыстанов, Тоқыш Қиламбеков жұмыс істеді. Милиция бастығы болып Ордадан келген Ахман, орынбасарлығына Есқали Мұқашев тағайындалды.

Жаңақала ақтардан тазартылғаннан кейін жергілікті тұрғындармен митингі өткізіліп, соңынан атты полкке жазылу басталды.

Жаңадан әскерге қабылданғандардан әдейі взвод ұйымдастырылып, оның командирі болып Сапарғали Достаев тағайындалды.

1919 жылы желтоқсан айында Астраханнан көмекке келген Қызыл Армияның жаңа күші елді мекендерде бекінген ақ казактардың қалдықтарын талқандап, бұл өңірге Кеңес Өкіметін орнатты.

Одан кейін революциялық комитет қайта құрылып, төрағалығына Артанов, комитет мүшелігіне Ишан Ақжанов, Айтқалиев, Жақсыбай Жуасов, Жақсыбала Шойтықов, Ғалым Жантұрсынов, Ғабдолла Кербаев, тағы басқалар сайланды.

Революциялық комитет аз уақыт ішінде Кеңес Өкіметін орнықтырып, оны нығайту бағытында көп жұмыстар атқарды.

1920 жылы уездік атқару комитеті құрылып, оның төрағалығына Нұғыман Залиев сайланды.

Уездік комитеттің оқу бөлімінің меңгерушілігіне Өтешқали Алмақов, милиция бөлімінің бастығына Х.Досымов, уездік партия комитетінің хатшылығына Ишхат Бегалиев сайланды.

Уездік атқару комитеті жергілікті жерлерге өзінің мүшелерін жіберіп, 16 жерде участоктық атқару комитеттерінің сайлауын өткізді.

Жаңақала өңірінде Кеңес Өкіметін орнатуға және нығайтуға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, кейін Қазақстанда тұңғыш Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Сейітқали Меңдешев көп еңбек сіңірді.

1928 жылы аудан көлеміндегі ауқатты адамдардың мал-мүліктерін тәркілеп, өздерін ата қонысынан зорлап көшіргеннен кейін жаппай ұжымдастыру науқаны жүргізілді. Оған партияның Орталық Атқару Комитетінің «Коллективтендіруідің қарқыны және колхоз құрылысына мемлекеттік көмек беру шаралары» атты қаулысының ықпалы да әсер етті.

Көп жерлерде ұжымдастыру жұмыстары күшпен жүргізілді. Жергілікті тұрғындар көлік күшін, құрал-саймандарын ортақтастыруға үзілді-кесілді қарсы болды. Оған елдегі қайсыбір белсенділердің асығыс, сауатсыз әрекеттері де әсер етті. Дегенмен де бәрібір ұжымдастыру жұмыстары жүргізілді.

Айталық №1 Жуантөбе ауылында ұйымдасқан бес ұжымшарға «Жаңаталап», «Жасталап», «Жас жігер», «Екпінді», «Мәдениет» деген атау берілді. Оларға сәйкесінше Нұрғали Қожақов, Мұқамбетқали Есенғалиев, Иманғали Жамашов, Құбыш Мырзағалиев, Әбдуәлі Қуанышалиев деген азаматтар төрағалық етті.

Сол жылдары №3-ші Қиысққамыс ауылында тұңғыш рет «Бірлік» ауыл шаруашылығы артелі ұйымдастырылып, оған ағайынды Қапсен, Меңдіхан, Хамит Башановтар, Шүкір Кенжебаев, Тойлыбай Ізімқұлов, Табаншин, ағайынды Қодар, Рахметолла Мирмановтар, барлығы отыз үй мүше болып кірген.

Қараөзеннің сол жағалауын сонау Саратов облысының Александров-Гай станциясынан бастап Қарасамар жайылымына дейінгі аралықтағы Березинов, Порт-Артур, Сламихино, Көктерек, Савенково, Мокринск, Мәстексай, Факеево станцияларын қазақ және орыс шаруалары жайлады. Бұл жерлерде ұжымдастыру жұмыстары 1930 жылдары жанданып, «Қызылсәуле», «Жігер», «Алғабас», «Ортақшыл», «Жаңажол» атты шағын серіктестіктер құрылды. Оған жергілікті қазақтар мал-мүлкімен ортақтасты.

1931 жылы аталған серіктестіктер бірігіп, «Жаңажол» ұжымшарын ұйымдастырды. Оған жалғыз сиырын салып үлгі болған Бисмәлі Жұмағалиев. Кейін ол ауылдық Кеңес төрағасы болды.

Ұжымшарға алғашқыда балаларымен Шонқанов Тәутен, Ерғалиев Бораш, Досқалиев Қабер, ағайынды Әбу, Өтеғали Қожақаевтар, Үрпия Иманғалиева, Бемаш Мәмбиев,, ағайынды Қазеш, Қабдрақим Қисамединовтер балаларымен, Ыбыраш Қожанов, Ыбырай Янтуриндер мүше болды. Сәл кейінірек ұжымшарға И.Антонов, И.Кеимов, А.Хорошкин, А.Бакиров, К.Хорошкин, Б.Карташов тағы басқалар мүше болды.

1930 жылы Мәстексай ауылында Буденный гиганты құрылды. Оған ауылдағы тұрғылықты казак-орыстардың өндіріс құрал-жабдықтары, көлік күштері, белгілі орыс помещигі Ереминнің құрылыс нышандары, байлардың тәркіленген мал мүліктері ортақтастырылды. Ауыл шаруашылығы гигантын Мәстексай ауылының жергілікті тұрғыны Иосиф Полубабкин басқарды.  Осында гигантпен бірге шөп шабу станциясы құрылды. Оның директоры болып Досқазы Имашев, саяси бөлім бастығы болып Әлжан Өтегенов істеді. Кейін гигант шаруашылық құрылымына орай Буденный және Ворошилов ұжымшарлары болып бөлінді.

Негізінен ауданның құм өңіріндегі шаруашылықтар мал өсірумен айналысса қатқыл беткейіндегілер егістікпен шұғылданды.

Ұялы ауылында ұйымдастырылған «Екпінді», «Талаптан», «Жемісті» және К.Маркс атындағы ұжымшарлар кейін іргелі шаруашылықтарға айналды.

№26 Шалқар ауылында ауылдық Кеңес төрағасы Сисекен Хамиденов «Бостандық», «Партсъезд» ұжымшарларын ұйымдастыруда белсенділік танытты.

№25 Таубұйрат ауылында «Интернационал», «Правда», «Сталин» ұжымшарлары ұйымдастырылып, осы ұжымшарларды ұйымдастыруда белсенді еңбек еткен Төлеген Нұғманов «Интернационал» ұжымшарына төраға болды.

Міне осылайша өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басындағы ұлы науқанға жаңақалалықтар да белсене араласты.

Осыдан кейін барлық жердегі сияқты ауданда шаруашылық жұмыстарымен бірге саяси науқандық істер де зор қарқынмен жүргізілді. Енді шаруашылық құрылымдары жаңа сипатқа ие болды.

«Өткенсіз бүгін жоқ». Демек өткен шақтың бәрін жоққа шығаруға болмайды.

Социалистік құрылыстың алғашқы жылдары ауыл шаруашылығымен бірге елімізде өндіріс те зор қарқынмен өркендеді. Қалаларда зауыт, фабрикалар салынып, электр жүйесі дамыды. Еліміздегі жаңалықтардың игілігін ауылдық жерлер де көре бастады.

1933 жылдың ақпан айында өткен Қазақстан өлкелік партия комитетінің пленумы республика партия ұйымының басшылығын жаңартты.

Өлкелік партия комитетінің Пленумы ауылды ұжымдастырудағы жіберілген ірі кемшіліктердің себебін ашты. Сонымен бірге Пленум селолық партия ұйымдарын өндірістік принцип бойынша қайта құру жөнінде қаулы қабылдады. Мұның өзі шаруашылық жүргізуге жаңа сипат берді.

Бүкілодақтық Орталық Партия Комитетінің «Қазақстанның ауыл шаруашылығы оның ішінде мал шаруашылығы туралы» 1932 жылдың 17 тамыздағы қаулысы, Орталық Комитеттің Орталық бақылау комиссиясымен біріккен Пленумының «Колхоз құрылысының қорытындылары және оның алдағы міндеттері туралы», «МТС-тар мен совхоздардың жанынан саяси бөлімдер ұйымдастыру туралы» 1933 жылы 7-12 қаңтардағы қаулылары ұжымшарларды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту үшін маңызы зор құжаттар болды.

Осындай шаралар алына тұрса да ұжымдастыру кезіндегі жіберілген қателіктердің салдарынан халық аштыққа ұшырады. Көптеген адамдар ішерге ас таба алмай қынадай қырылып, халық босқыншылыққа ұшырады. Ел ішін әртүрлі жұқпалы аурулар жайлады. Әсіресе осындай қиындықтарды қатқыл бетіндегі тұрғындар көп көрді. Себебі қуаңшылық болып егін шықпады, ал құм өңірін жайлағандар құмаршық қағып, қияқтың басын талшық етіп тіршілік жасады. Қойнауы құт Қамыс-Самар өзінің табиғи байлықтарымен тұрғындарға азық болып, көптеген отбасы аң-құс, балық етімен әуіпірімдеп тірі қалды.

Осы кезеңде аудан басшылығына М.Өтегенов, Е.Тоқсанов, Б.Сәркенов сынды білікті басшылар, ауыл шаруашылығына М.Әкімғалиев, И.Айтуғанов, Шиланов, Хорошкин сынды мамандар келіп, аудан экономикасы айтарлықтай өрге басты.

Жалынды жас М.Біләлов бастаған аудан жастары стахановшылар қозғалысын өрістетіп, ұжымшарлардың ынта-жігерін көтеруге белсене араласты.

Осы кезеңдегі ел өмірінің үлкен жаңалығы - 1936 жылы 5 желтоқсанда өткен Кеңестердің Бүкілодақтық VIII төтенше съезі КСРО-ның жаңа Конституциясын қабылдады. 1937 жылы 12 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. 1937 жылғы 21-26 наурызда Алматы қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің төтенше съезі Қазақ КСР-нің Конституциясын қабылдады. Бұл Конституция негізінде Кеңестерді қайта құру аяқталды.

1932 жылғы 24 маусымда өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және еңбекшілер депутаттары жергілікті Кеңестердің тұңғыш сайлауы болды.

Аудан еңбеккерлері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Т.Өмірзақовты сайлады.

Алайда отызыншы жылдардың соңында жүргізілген сталиндік репрессия ауданның бас көтерген азаматтарын түгелдей орып түсті.

Ауданның екі бірдей басшысы М.Өтегенов пен Е.Тоқсанов «халық жауы» ретінде атылды.

Осындай жаламен ауданда әртүрлі басшылық қызметтер атқарып жүрген М.Бектенов, Қ.Алдоңғаров, Т.Такишев, Е.Ғұмаров, Б.Сәркенов, Ғ.Салықов, А.Бектілеуов сынды көптеген азаматтар жазықсыз жазаға ұшырап атылып немесе ұзақ мерзімге сотталып кетті. Олардың арасында қарапайым еңбек адамдары, тіпті шала сауатты жандар да болды.

Осындай келеңсіздіктерге қарамастан алғашқы бесжылдықтар кезеңінде ауданда ауыл шаруашылығы айтарлықтай өркендеді, мәдениет, білім, денсаулық салалары дамыды.

Мемлекет есебінен машина-трактор станцияларын құрудың маңызы ерекше болды. МТС-тің құрылуымен ауылға жаңа техникалар, ауыл шаруашылық құралдары, жаңа жұмыс орындары ашылып, мамандар келе бастады. Жаңадан құрылған станциялар бірнеше ұжымшарларды қамтып, онда Г.Д.Батарейкин, Г.Мерхашев, Ф.Тастеев, З.Әбдірашева, Е.Иманғалиев сынды білікті мамандар еңбек етті. Сонымен бірге МТС-тың жанындағы саяси бөлімдер жергілікті партия ұйымдарымен тығыз байланыс жасап, еңбекшілерді ортақ іске жұмылдыруда зор роль атқарды.

Көптеген ауыл жастары қысқа курстардан өтіп, механизаторлық және жүргізушілік мамандықтарын алып шықты.

Аудан ұжымшарларында Сұлташ Ақмамбетов, Қожа Күнтудаев, Жұмалы Айтжанов, Сатым Қаюпов сынды жүргізушілер алғаш автомобиль рульін ұстады.

1939 жылы 1 тамызда Мәскеу қаласында Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесі өтіп, оған ауданымыздан Қадіреш Сүндетқалиев, Едрес Есжанов, Ихсан Танабаев, Бақытжан Жүсіпов сынды еңбек адамдары қатысып, көрменің әртүрлі дәрежедегі наградаларына ие болды.

Осы жылдарда ауыл шаруашылығы әр түрлі маман иелерімен толықты. Әсіресе зоотехник, мал дәрігері, агроном сияқты таңсық мамандықтарды жастар тез меңгерді. Олардың қатарында К.Салықова, Н.Рахымберлин, З.Қошқарбаев, М.Әкімғалиев, І.Қазимовтар бар еді. Сол алғашқы бесжылдықтардың өзінде ауданнан көптеген еңбек өрендері шығып, олардың біразы  кейін мемлекет және қоғам қайраткері болды.

Айталық сол кездің өзінде халыққа білім беруде Т.Құдайбергенов, И.Ақжанов, М.Теміралиев, Ғ.Кербаев, Х.Қайырғалиев сынды ағартушылар еңбек етсе, олардың қатары кейін А.Халелов, Р.Үмбетов, З.Жұмағазиев, И.Жумин, Т.Шошақов, В.Хорошкин, Л.Лапина сынды ондаған жас мамандармен толықты.

Халық ағарту саласындағы жетістіктері үшін Жаңаталап мектебінің мұғалімі Б.Түркеев, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталса, Бірлік мектебінің мұғалімі С.Сүлейменов «Еңбектегі үздік табысы үшін» медаліне ие болды.

Осы жылдарда аудан комсомол ұйымдарына жетекшілік еткен ҚҚосжанов, Қ.Мағзомова, Ә.Таулин, М.Баттақов, С.Сейітов, Қ.Қояновтар барлық жақсы қырларынан өздерін көрсете білді.

1934 жылы атақты Дина әжеміз, Қали Жантілеуов, Төлеген Аршанов, тесік тамақ Сабыр республикамыздың астанасы Алматы қаласында өткен өнер байқауына шақырылып, Дина әжеміз және Қали бабамыз Алматыда қалып қойды. Олардың қай-қайсысы да қазақ өнерінің тарихына мәңгілікке кірді.

Тұщықұлақ мекенінде туып өскен Қайыр Бәйтешов облыстық, республикалық айтыстарға қатынасып, жүлделі орындарға ие болды.

Ауданның денсаулық саласында да өзгерістер болды. Ауданға жоғары білімді дәрігер Едрес Мұхтаровтың келуімен көп істер атқарылды.

1934 жылдан бастап аудандық партия және атқару комитеттерінің органы «Социалистік еңбек» газеті шыға бастады.

1939 жылдан бастап Жаңақазан ауылында тұрақты киноқондырғы істеп, Кәрім Ғайсин деген азамат киномеханик болды.

Ауданнан көрнекті мемлекет және қоғам қайреткері, кезінде «Қазақстанның ақсақалы» атанған С.Меңдешовтан бастап көптеген дарынды адамдар шықты. Олар: Ахмет Дауылбаев - қаржы, ауыл шаруашылығы министрі, М.Сапарғалиев - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, кейін министр, заң ғылымының докторы, Махбуза Нұрымбаева - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Мәжікен Бутин - Қазақ КСР-сы тамақ өнеркәсібі министрі, экономика ғылымының докторы, Ғабдолла Шоланов - Қазақ КСР-сы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, М.Құлманов - медицина ғылымының докторы, Хамит Маданов - тарих ғылымының докторы,Әбділхамит Нарымбетов - филология ғылымының докторы, т.б.

Ауданнан сонымен бірге І.Еділбаев, Х.Бакауов, А.Жұбаев, Е.Өтеуов, С.Жаданов сияқты қайраткерлер шықты.

Жалпы ауданнан Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының екі мүшесі, ғылымның әр саласынан 7 доктор, жүзге жуық ғылым кандидаттары, бір КСРО халық артисі, екі республика халық артисі, т.б. сала қайраткерлері шықты.

Осы өңірден 16 Социалистік Еңбек Ері, төрт Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам Батыр Ана шықты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыста жаңақалалық жауынгерлер де ерлікпен шайқасты.

Соғыс жаңақалалықтарға да қайғы-қасірет әкеліп, қаншама жүректерге жазылмас жара салды.

Майданға Жаңақала өңірінен 4000-нан астам боздақтар аттанса, соның тең жартысына жуығы оралған жоқ.

Жауға қарсы бір үйден бірнеше адам аттанып, қаншама жастың желегі түспеген жары жесір қалды десеңші.

Ұмтыл ауылындағы Хайруллиндер әулетінен ағайынды Ғазез, Мажит, уыздай жас жігіттер

Ниқас Қалышев, Қайырғали Есжанов соғыс басталған күннің ертесіне майданға аттанды.

Буденный атындағы ұжымшардың мүшесі Х.Жақашева әжей Жангерей, Хангерей, Әділгерей, Сәлімгерей атты төрт ұлын майданға өз қолымен аттандырды.

Майданға аттанған ағайында ағайынды Әділ, Сафи, Салық, Баденттерден ең кішісі Бадент қана елге жараланып оралып, қалған үшеуі ерлікпен қаза тапты.

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрыста А.Ахметов, Ә.Молдағалиев, Н.Қалышев, Ә.Мұхтаров, Х.Габдуллин, Қ.Ізтілеуов, С.Сағитов, Т.Жетпісов, Х.Ғабдушев, Т.Сертеков, Қ.Сәркенов, Қ.Досанов, М.Жаданов, Қ.Жәрдемов, С.Сапаров, Қ.Бектасов, Х.Жумин, Т.Жақыпов, Х.Әбуғалиева, С.Айтқұлов, С.Жақсығұлов, М.Жүнісов, Е.Орақбаев, Б.Шайхимов сынды жүздеген жерлестеріміз ерлікпен шайқасты.

Осылардың ішінен С.Айтқұлов, С.Жақсығұлов, М.Жүнісов, Е.ОрақбаевКеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Сондай-ақ С.Ахмедияров, Д.Қаражумин, М.Мұстафин сынды жерлестеріміз жау тылында ерлік көрсетті.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл еңбеккерлері де жанқиярлықпен жұмыстанып Ұлы Жеңісті жақындатуға зор үлес қосты.

Сол жылдары ауданды М.Дайыров, Қ.Баймұхамбетов, Ниязғалиева, Д.Ақмурзин, Б.Уәлиев деген адамдар басқарып, халықты ортақ іске жұмылдыруда көп істер атқарды.

Тыл еңбеккерлері майданға ет, сүт, киім жіберді. Сондай-ақ майдан қажеті үшін трактор, автомобиль жылқы жіберуді ұйымдастырды.

Ауданның Буденный, Ворошилов атындағы ұжымшарлар мен «Пятимар» жылқы зауытынан іріктеліп жылқы жіберілді. Тек  «Пятимар» жылқы зауытынан 2000-ға жуық жылқы соғыс қажеті үшін жіберілді.

Буденный атындағы ұжымшардың мүшесі Қадырова Ақбөпе «Батыс Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға 60 мың сом ақша беріп, Бас Қолбасшыданалғыс алды.

Аудан еңбеккерлері осы бастаманы қызу қолдап «Батыс Қазақстан колхозшысы»  тан колоннасын жасауға 1020 мың сом ақша, 300 мың пұт астық жинап берді.

Осындай жанқиярлық еңбек жоғары бағаланып, қоғамдық мал шаруашылығын дамытудағы жетістіктер үшін аудан 1944 жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туына ие болса, 1948 жылы БК (б) П Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.

Мал шаруашылығын дамытуды шебер ұйымдастырып және осы салада қажырлы еңбек еткен Л.Имашев, Е.Құтқожин, Ж.Иманғалиева, М.Беркітов, Д.Суханов, Ғ.Майхин, К.Темірғалиев, Ш.Ізбасаров, А.Жантурин, Ш.Шалиевтер Отанның ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталды.

Ал М.Мирманов, Б.Кенжеғұлов, Т.Жұмағұлов, Н.Ақыналиев, Н.Қалиев, Қ.Жанарыстанов, Ә.Меңдібаев, Ж.Баймұханова, Ж.Әспенбетов, А.Бисалиев, А.Үмбеталиев, Қ.Шәкімов, М.Қадырғалиев секілді еңбек өрендері Социалистік Еңбек Ері деген ең жоғарғы атаққа ие болып, Ленин ордені мен Орақ пен Балға Алтын медалімен марапатталды.

Соғыстан кейін ауданда білім, мәдениет, денсаулық, басқа да салалардың орасан зор қарқынмен дамыды. Соның ішінде экономиканың қайнар көзі - мал шаруашылығын өркендетуге жете мән берілді.

1962 жылы аудан ажыратылғанда ауданның 8 ұжымшарында 27468 ірі қара, 275546 қой, 11683 бас жылқы, 2531 түйе малы болған.

Ал 1952 жылы ауданда 3 клуб, 6 кітапхана, 5 қызыл отау, 2 тұрақты киноқондырғы, 1 аурухана, 1 санитарлық-эпидемиологиялық станция, 3 дәрігерлік участок, 11 фельдшерлік пункт жұмыс істеген.

Еліміздегі тың игеру жылдары бірқатар еңбек адамдарын елге танымал етіп қана қоймай ауыл шаруашылығын жаңа технологиямен жабдықтауға да ықпал етті.

Осы жылдарда А.Сариев, Д.Сұпығалиев, Қ.Нәубетов, Т.Қадыралиевтермен бірге Қ.Шоқабаева, С.Ниетқалиева, Б.Кереева, З.Ниханова сынды механизатор әйелдердің есімдері елге танымал болды.

1972 жылы 11 наурызда Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен он жыл үзілістен кейін аудан қайта құрылды.

Сол кезде ауданда 17 мың халық болса, 7 шаруашылық, 1 мал бордақылау бірлестігі, 40-қа жуық мекемелер, денсаулық сақтау, мәдениет, оқу, тұрмыстық қызмет көрсету орындары халық игілігіне жұмыстанды.

Жаңа құрылған ауданның партия ұйымын ұйымын басқаруға істе сынлаған тәжірибелі басшы Сатқали Сапаров жіберілді. Аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына О.Ғабдушев, хатшылығына Е.Насыров сайланды. Бөлім бастықтары М.Иралин, Н.Мақанов, Қ.Мұқанбетов болды.

Аудандық Кеңестің бірінші ұйымдастыру сессиясында аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып М.И.Айтасов орынбасарлығына С.А.Асанғалиев, М.Ғ.Жаданов, , Қ.Т.Шектібаева бектілді.

Сол кезде ауданда 3 асыл тұқымды мал зауыты, 4 кеңшар, 1 арнаулы мал бордақылау бірлестігі жұмыс жасады.

Сонымен бірге ауданда 1 кәсіптік-техникалық училище, тұрмыстық қамту комбинаты, коммуналдық шаруашылық, мұнай қоймасы, чумаға қарсы күрес станциясы, «Казсельхозтехника»

бірлестігінің аудандық бөлімшесі, автобаза, көптеген оқу, мәдениет, денсаулық орындары халыққа мінсіз қызмет көрсетті.

Қазіргі «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның желілік өндірістік басқармасы сол кездің өзінде халыққа қызмет көрсете бастады. Аудан қысқа мерзімнің ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. 1977 жылы аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы болып Нұрғалиев Әділғазы Нұрғазыұлы сайланды. Осы кезеңде ауданда ауыл шаруашылығы, құрылыс,көлтабандарды суландыру, инженерлік-суландыру жүйесін салу, табиғи мал азығын дайындау жұмыстары орасан зор қарқынмен дамыды.

Ауданда қой өсіруші комсомол-жастар бригадалары және «Сәуле», «Алау», тракторшы қыз-келіншектер бригадалары құрылды.

«Сәуле» тракторшы қыз-келіншектер бригадасы еңбектегі ерен табыстары үшін Қазақстан Ленин комсомол сыйлығына ие болды.

Сол кездерде ауданның барлық саласында, шаруашылықтарда білікті кадрлар жұмыс жасады.

Аудан ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін 3 рет Бүкілодақтық, 6 рет республикалық, 8 рет облыстық социалистік жарыс жеңімпазы атанып, ауданның есімі республиканың «Алтын кітабына» жазылды. Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін елімізде Президенттік басқару жүйесі қалыптасып, әкімдік институттары құрылды.

1992 жылдың наурыз айында аудан әкімі болып Мерғалиев Төлеген Тастайұлы тағайындалды. Оның бірінші орынбасары болып Қарменов Ғабдырашит Қарменұлы, орынбасарлары болып Рахматуллин Ұзақбай Құмаұлы, Қажығали Серік Шафхатұлы тағайындалып, іске кірісті.

Іскер де тәжірибелі басшы нарықтық-экономиканың өтпелі кезеңінде барлық қиындықтарды байыппен жеңіп, жекешелендіру процесін өте әділ өткізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік нысандар талауға түспей, мал басы орынсыз шашпашылыққа салынбай, есесіне барлық әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсетіп, бұрынғы кеңшарлардың ізінде серіктестіктер құрылып, шаруа қожалықтары өз алдына енші алып, асыл тұқымды шаруашлық ұжымдары түгелдей сақталып, ауданда кәсіпкерлік сала ерекше қарқынмен дамыды.

Егемендік алғаннан бергі кезеңде ауданның экономикалық-әлеуметтік саласы айтарлықтай өркендеді.

Осы жылдарда ауданның барлық округтеріне табиғи газ тартылып, таза су қондырғысы орнатылды. Барлық ауылдық округтер табиғи сумен қамтамасыз етілді.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы бойынша елімізде тұңғыш 360 орындық мектеп ауданымызда бой көтерсе, одан бұрынырақта Мәстексай ауылдық округіне қарасты Мұқыр елді - мекенінде 108 орындық үлгілі жобадағы мектеп салынған болатын.

Ауданда Капустин Яр - Азғыр полигонынын зардап шеккендер үшін 100 орындық сауықтыру орталығы салынды.

Ауданда мал шаруашылығы барынша дамып, асыл тұқымды еділбай қойы мен көшім тұқымдас жылқы өсіруде аудан республикаға танымал болды.

Ауданды бір жылдан сәл астам уақытта Тимур Есенғалиұлы Имашев басқарды.

2012 жылы 27 маусымда ауданға Лавр Рашидұлы Хайретдинов әкім болып тағайындалды.

Тәжірибелі де іскер басшы аудан ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, өңірді шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге зор мән берді.

Лавр Рашидұлы ауданның рухани саласын өркениеттендіруде көптеген жұмыстардың бастамашысы болып, оның жүзеге асырылуына да айтарлықтай еңбек сіңірді.

Батыс өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілістің көсемдері Исатай-Махамбет батырлардың патша әскерлерімен кескілескен шайқас өткізген Тастөбе майданының 175 жылдығына орай аудан орталығынан Тастөбе шайқасы құрбандарына кешенді құрылыс салғызды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, әйгілі Бөкей сұлтан көшін бейнелейтін белгілер орнатылды.

Екі бірдей күй алыптары Мәмен мен Тұяқбердіге мәңгілік мазар тұрғызылды.

Ауданда бір аусымда 250 адам қабылдайтын емхана, бір жылда 100 орындық жатаханасымен 600 орындық және екі елді-мекенде 108 орындық барлығы 3 мектеп, медресе ғимараттары салынды.

Төрт кітапхана модельдік үлгіге көшіріліп, аудан орталығынан рухани орталық ашылды.

Қасиетті Жаңақала өңірінен шыққан өнер алыптарына, келешектен бейбіт өмір тілеп тұрған азалы ана бейнесіне, төрт бірдей Кеңестер Одағының Батырларына ескерткіштер орнатылды. Жол, ауыз, тұрғын үй мәселелері жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Осы кезеңде «Жасампаз жылдар жаңғырығы», «Жаралы жылдар жаңғырығы», «Құлпытастар сөйлейді» т.б. жинақтар жарық көрді.