Өткен аптада Қызылоба ауылдық округі әкімінің және аудан әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру жиналысына аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, аудандық соттың төрағасы Сабыржан Есжанов, дербес бөлім, мекеме басшылары қатысты. 

Алдымен Қызылоба ауылдық округінің әкімі Нұржан Бердіғалиев 2017 жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ауылдық округ негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған, соның ішінде тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Округ бойынша қазіргі таңда 1 ЖШС, 63 шаруа қожалығы, 20 жеке кәсіпкер жұмыс істеп тұр. 
Жыл басындағы есеп бойынша округте 8929 бас ірі қара, 25947 бас қой мен ешкі, 4425 бас жылқы, түйе 10 бас, құс 928 басты құраған. Асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 7, «Көшім» асыл тұқымды жылқысын өсірумен 3 шаруа қожалығы айналысады. 

Бұл округте мал басын, соның ішінде ірі қара малын асылдандыру мақсатында айтарлықтай жүйелі жұмыстар жүргізілген. 2017 жылы 38 шаруа қожалығының 2337 бас аналық малдары субсидияланып, 93 бұқамен қамтамасыз етілген. Өткен жылмен салыстырғанда 76 бас аналық малға артық субсидия алған. Сондай-ақ, 2017 жылы 243 бас асыл тұқымды қашар, 34 бас бұқа сатып алынған. Жалпы, бұл округте 150 бас асыл тұқымды бұқа бар. Қой малына келсек, өткен жылы 8 шаруа қожалығы 155 бас қошқар, 970 бас аналық еділбай тұқымды қой сатып алған. Сонымен қатар, «Ерлан» шаруа қожалығы асылтұқымды қой малын өсіруге палатаға кірсе, ауыл тұрғыны Т.Әбденғалиев «Құрдастар» селолық тұтыну кооперативін құрған. 

Бұл округ мал басына беретін субсидия және инвестициялық субсидияны қосқанда 122 млн. 863 теңге қайтарымсыз субсидия алған. Бұл қаржы 2016 жылға қарағанда 33,5 пайызға өскен.

Округте бруцеллез ауруы өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен әлі де болса бар. Мәселен, 2017 жылы 8705 бас ірі қара малынан қан алынса, оның 185 басы (2,3 пайыз) оң нәтиже берген. Ал ауру малдар тиісті талаптармен жойылыпты. Сол ауру малдар тұрған 23 қора бұқырланған.
Айта кетсек, қызылобалықтар қысқы мал азығын дайындауда да өзгелерден оқ бойы алда тұр. Жоспарланған 2280 тонна мал азығы 108 пайызға дайындалған.

Енді округ аумағындағы қылмысқа келсек, 2017 жылы 4 қылмыстық оқиға тіркеліп, 84 адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, 4 қылмыстың 2-уі ашылып, 2-уі ашылмаған. 

- «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында бірқатар шаруа қожалықтары несие алып, шаруашылықтарын дөңгелентіп отыр. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз адамдар тазалық, абаттандыру, ағымдағы жөндеу жұмыстарына ақылы қоғамдық жұмыстар арқылы тартылып отырады,-деп ауылдық округ әкімі алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Бұдан кейін аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сөз сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқталды.

Сондай-ақ, ауданның 2017 жылғы экономикалық-әлеуметтік даму барысы және алда тұрған міндеттерін бейне слайд арқылы кеңінен баяндап берді. 

Ал, аудандық сот төрағасы С.Есжанов үстіміздегі жылдағы Кодекске енгізілген өзгерістер және медиация мәселесі туралы айтты. 

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары әкім есебіне оң бағаларын беріп, ауылдағы бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, ауылдағы мал жайылымдық жерлерінің тарлығы, тұрғын үй, орталықта мал бақтыру мәселесі, білікті дәрігердің жетіспейтіндігі, тегін дәрінің берілмегені, тағы да басқа түйткілдер сөз болды.

Жиналысты аудан әкімі Н.Қадырбайұлы қорытындылап, көтерілген түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын тілге тиек етті.