19 қаңтар күні әкімдердің есеп беру жиыны Пятимар ауылында өтті. Пятимар ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мен ауылдық округ әкімі Олжас Рахимов өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. 2017 жылдың еншісінде атқарылған ауданның ауқымды істері мен толайым табыстары бейнебаян арқылы көрсетілді.

Жиында аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқталды. Жолдаудың Қазақстан үшін мәні зор екендігін, өнеркәсіптік революция адам өмірінің сан саласын қамтып, адам баласының ақыл-ой санасына да, тұрмысы мен ғұрпына да түбегейлі өзгеріс әкелетіндігін тілге тиек етті. Жолдаудан туындаған міндеттерді орындауға байланысты Пятимар ауылына жол салынатынын және ауыл тұрғындарының тұрмысы бұданда жақсара түсетінін жеткізді.

Кездесуде зейнеткер С.Әлімжанов әкімдер есебіне оң бағасын беріп, ауыл халқы атынан атқамінер азаматтарға ризашылығын білдірді. Мұнан кейін Пятимар орта мектебінің мұғалімі Г.Аманғалиева сөз алды. Ол Елбасының сарабдал саясаты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, биылғы Жолдау жөнінде салихалы пікір білдіріп, мектептегі білім сапасын сөз етті.

Білім сапасының төмендігі тек ұстаздар қауымына байланысты емес. Ащы да болса шындық. Қазіргі ата-аналар өз балаларына шын жүректен жаны ашымайды. Бұл көпке топырақ шашқаным емес. Бірақ, көбі бала тәрбиесіне жүрдім-бардым, немқұрайлы қарайды. Оқушы білім алмас бұрын адал ұрпақ болып өсуі керек. Ең бірінші оларға тәрбие қажет. Сол үшін ата-аналар ұл-қызына үлгі көрсетуі, адамдыққа, адалдыққа тәрбиелей білуі шарт,-деді қоғамдағы өткір мәселені қозғаған ұлағатты ұстаз. 

Ал ауыл тұрғыны Руслан Имашев ауыл тазалығын сақтамайтын, көң-қоқысын көрінге жерге шашатындардың бар екенін айтып, дабыл қақты. Оларды ел болып бірігіп, ауылды абаттандырып, тазалығын сақтауға шақырды. 

Есепті кездесу жиналысын қорытындылаған аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы Елбасымыздың айқындап берген 10 міндетін халқымыз айтқандай, жұмыла көтеруге, ауызбіршілікпен атқаруға шақырды.