Тұрғындар мен билік арасындағы байланыстың бір көрінісі – есептік кездесу. Өйткені мұнда халық өңірдің дамуы, экономикалық жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы мәліметтерден жергілікті биліктің өз аузынан хабардар болады. Сондай-ақ өздерінің ұсыныс-талаптарын ортаға салуға мүмкіндік алады. Осыған орай ауылдық округ әкімдерінің кезекті есеп беру жиыны бүгін Қырқопа ауылдық округінде жалғасты.

Ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуде жергілікті халықтың қарасы көп болды. Жиналысты Қырқопа ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне 2 мәселе қойылды. Жиында Қырқопа ауылдық округінің әкімі Ақан Болатұлы мен Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қадырбайұлының баяндамасы тыңдалды.

Баяндамалар бітісімен жергілікті басшыларға халық тарапынан біраз көкейтесті сауалдар жолданды. Кездесуде ауыл тұрғыны, зейнеткер С.Әлмұқанұлы тегін дәрінің 3 айдан бері мүлде берілмегенін айтып, реніш білдірді. Сонымен қатар, орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу керектігін, жолақы қымбаттығын тілге тиек етті. Мұнан кейін Қырқопа ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ж.Төлеуғалиев аудан әкімі мен ауыл әкімінің есебіне оң баға беріп, ризашылығын білдірді. Ол осы жиында Кармановка орта мектебінің атауын саналы түрде өзгерту керектігін жеткізіп, округте жас мамандарға баспана жетіспейтінін айтты. Сондай-ақ, тағы да басқа ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, қоғамға ортақ мәселелерді қаузады. Сұрақтарға округ басшысы жауабын бергесін, жиынды аудан әкімі Н.Қарағойшин қорытындылады. Мұндай жиындар өзгеде ауылдық округтерде өтті.