Бүгін Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы 2017 жылдың аудандағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен 2018 жылдың жоспарлары жөнінде, елімізде өткен реформаларды жүзеге асыру және Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады.

Аудан басшысының айтуынша, аудандық бюджетке 2018 жылдың 1 қаңтарына 4 млрд. 934 млн. 871,0 мың теңге көлемінде салық пен түсімдер түссе, 4 млрд. 112 млн. 378,0 мың теңге субвенция мен трансферттер түскен.

Аудандық бюджеттің 2017 жылғы кірістер көлемінің жоспары 4 млрд. 893 млн. 079,0 мың теңге болса, бұл көрсеткіш 4 млрд. 934 млн. 871,0 мың теңге немесе 100,9 пайызға орындалған.

Ауыл шаруашылығы құрылымдар саны артып, мал басы көбейген. Бүгінде ауданда асыл тұқымды мал өсіріп отырған 29 шаруашылық бар. Өткен жылы аудан шаруалары 407,7 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізген. Жалпы 2017 жылы ауданда жаңадан 66 ауыл шаруашылық техникасы алынған.

Былтыр жаңа 462 жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызды құраған.

Аудан бойынша орталықтандырылған ауыз сумен аудан тұрғындарының 51,7 пайызы қамтылған. Бұл – 12550 адам.

Өткен жылғы есепті кездесуде облыс әкіміне 4 өтініш айтылып, 3-уі орындалған. Аудан әкіміне 41 ұсыныс түсіп, 34-і орындалса, 7-уі орындалу барысында.

Есепті баяндамадан кейін сөз алған еңбек ардагері Ғ.Текебаев аудан әкімінің есебіне оң баға беріп, өңір басшысына аудан орталығында салынған үйлерге инфрақұрылым жеткізілсе, көше жолдары асфальтталса, жалдамалы тұрғын үй салу жоспары көбейсе деген ұсыныстарын айтты. Мұнан кейін «Муса» шаруа қожалығының басшысы Тілеген Мусин аудан орталығына саз мектебін салуға жұмыстанатынын жеткізді. Ал, Пятимар орта мектебінің мұғалімі Гүлсім Аманғалиева ауылдастары атынан «Ақбұлақ» бағдарламасы тартылғаны үшін облыс басшысына ризашылық білдірді. Жиында Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжан Салауатов Көпжасар ауылынан аудан орталығына қатынайтын жолдың мәселесін көтерді. Сол 12 шақырым жолға қаржы көзін тауып, жолды жөндеуді сұрады. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Жақсылық Хайрелов аудан орталығына типтік үлгідегі спорт кешенін салуды сұрады. Сондай-ақ, Х.Нұрымғалиев атындағы орта мектептің директоры Қ.Сәдір Жуалыой ауылына 2015 жылы мектеп салынғанын, 2017 жылы газ тартылғанын, енді ауылына таза ауыз суы келетіні үшін облыс басшысына зор алғысын айтты. Сонымен қатар, Н.Бекмашев есімді азамат Қызылоба ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су тартылуын сұраса, мәстексайлық А.Темірханұлы ата-анасы жоқ жан ретінде тұрғын үй көмегін сұрады. Ол 2011 жылдан бері үй алуға тіркеуде тұрса да, өз кезегінің әлі де болса жылжымағанын тілге тиек етті. Ішкі істер бөлімінің ардагері Т.Қарасаев ауылдық округ әкімдігі тарапынан жеке кәсіпкерлігіне қолдау көрсетілмгенін сөз етсе, жеке кәсіпкер Н.Мырзашев дала өртімен күресетін арнайы бөлім ашылса, ауыл тұрғыны Б.Шангереева үйіне газ тартылса деген ұсыныстарын айтты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жиынды қорытындылады.