рисунок

Бүгін аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ел болашағы – жастар» атты «Жастар жылының» ашылу салтанаты өтті. 

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин, аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов, ауылдық округ әкімдері, тағы да басқа мекеме, бөлім басшылары мен аудан жастары қатысты.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Нұрғожин «Жастар жылының» жастар үшін маңызы зор екенін айтып, оларға табыс пен сәттілік тіледі. Және де мемлекет тарапынан жастарға жеткілікті деңгейде қолдау жасалатынын жеткізді.

Шараның тізгінін ұстаған жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жақсылық Хайрелов осы кезге дейін Жаңақала жастарының жеткен жарқын жетістіктерін баяндай келе, жастар өкілдері егемен елдің болашағы үшін ерінбей еңбек ететінін тілге тиек етті.

Одан әрі көзі ашық, көкірегі ояу, марғасқа Мағжан сенген жастарға өз ойын, ұсыныс-пікірін айтуға кезек берілді.

Алқа топтың алдында аудандық мәдени-демалыс орталығы балалар мен жастар бөлімінің маманы, үздік ұйымдастырушы Гүлназ Гинеттулина, «Жас көшбасшылар» мектебінің төрағасы Ерген Ерсайынұлы, аудандық «Жастар» спорт клубының директоры Жанболат Гумаров, жас кәсіпкер Нұрбол Байменов, «Жыл үздігі – 2018» жастар премиясының «Жас маман» бағамының жеңімпазы Ринат Улмесеков, Жаңақала орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әділет Сағыновтар сүбелі сөз сөйлеп, тың идеялары мен ұтымды ұсыныстарын айтты. Мұнан кейін аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты.

Шара соңында аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали:

-Қазіргі таңда адамдардың тіл байлығы жұтаңданып барады. Жастарды былай қойғанда кейбір министрлердің өзі міңгірлеп сөйлейді. Мұның бәрі кітап оқымағанның салдары. Жалпы, тіл байлық адамға қажет дүние. Сондықтан да жастарға айтарым, жаңа технологияны қолданумен қатар, кітап оқуды да ұмытпаған жөн. Кітап оқуды ешқашан естен шығармаңыздар. Сонда ғана рухыңыз берік болып, салихалы да сауатты сөз саптайсыз. Биіктен көрінесіз, елдің есінде қаласыз,-деп жастарды жігерлі, еңбекқор азамат болуға шақырды. Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Саматов сөз алып, партия жобаларына жастарды тартып, тасадағы таланттарды тауып, қоғаммен етене араластырып, жұмыстану қажеттегін сөз етті. 

Шара соңында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ж.Хайрелов:

 -Бүгінгі шарамыздың басты мақсатының бірі - аудан жастарының үндеуін жариялау және сол үндеуді жастар жылы шеңберінде жүзеге асыру еді. Жастар жылында Жаңақала жастарының үндеуінің атауы «Бес белес» деп аталады. 

Бірінші белес – «Жастар орталығы»

Бұл үндеу арқылы әр ауылдық округте жастарға арналған орталықтарды ашу жоспарлануда. Бұл орталық арқылы аудан жастары өз ойларын ортаға салатын, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады.

Екінші белес – «Жас жаңа есім»

Ауданымызда жаңа таланттар шығару мақсатында жобалар қабылдап, оларды іс жүзінде шығары, жаңа есімдерді анықтау, жастар шығармашылығын қолдау.

Үшінші белес – «Жастар жасыл желек үшін» 

Бұл ауылдарды көгалдандыру бастамасы. Кәсіпкерлерді, әр жылғы мектеп түлектерін тарта отырып, елдімекендерге жас көшеттер отырғызу. Мектеп аулаларына жеміс ағаштарын қолға алуды бастау.

Төртінші белес – «Жастарға жұмыс» бастамасы

Бос жұмыс орындары мен жаңадан ашылған жұмыс орындарына мейлінше жастарды тарту. Жастар арасында жұмыссыздықты азайту. Кәсіп ашуға ниетті жастарға қолдау көрсету.

Бесінші белес– «Жаңақала жастары» жобасы

Жастарға көшпелі кеңестер ұйымдастыру, рухани-тәрбиелік шараларды жүзеге асыру, үлгілі жас отбасыларды дәріптеу, патриатизмді дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру,-деп шараны қорытындылап, осы бағытта жұмыстанатынын мәлімдеп, қатысушыларға алғысын білдірді. 

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок