Аудандық жастар ресурстық орталығы және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңақала шағын футбол лигасы» құрылды. Алдымен пресс-конференция өткізіліп, командаларға ойынның ережесі түсіндірілді. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Темиров, Жастар ресурстық орталығының басшысы Жақсылық Хайрелов, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Сатыбаев және жастар қатынасқан пресс-конференцияда ұйымдастырушылар командалардың сұрақтарына жауап бере отырып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей командаларға ойын барысында кезедесетін кедергілердің алдын алуда ұйымшылдық танытуды сұрады.

Пресс-конференция соңында командалар жеребе суырып, ойын кестесін жасақтады. Ойын тәртібі бойынша ойын бес айға созылады. Командалар осы бес айдың ішінде әр апта сайын 2 күн, яғни сәрсенбі және сенбі күндері кездесіп, ойын өткізетін болды.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, NEET санатындағы жастарды қоғамдық өмірге араластыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш лига 27 қыркүйек күні басталды. Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева сөз алып, командаларға сәттілік тіледі. Жаңақала мектеп-гимназиясынның спорт залында өткен алғашқы ойында ЖӨБ командасының қапқасынан медицина қызметкерлері бір мәрте ғана саңылау тапса, керсінше ЖӨБ командасы қарсыластарына алты доп соқты. Одан әрі Жаңақала ЖОББҚМ командасы «Заңгер» командасын 10:2 есебімен ойсырата ұтса, «Гимназия» командасы аудандық туризм командасын 8:3 есебімен ұтты. Тартысты өткен ойында Ө.Дайыров, Ж.Хамзин, А.Беккақилев, Н.Қадырғалиев сынды ойыншылардың үлкен футболда көп кездесе бермейтін «хет трик», «дубль» голдарын соққандықтарына куә болдық. Теңбіл допты қара терге шомылып жүріп тепкен ойыншылар қатарында «қызыл карточка» алып, ойыннан шеттетілгендер де, әдемі гол иелері де, төрешінің шешіміне наразылық танытқандар да болды. Дегенмен, спортта бұндай кейкілжіңдер жиі орын алып тұратыны қалыпты жағдай деп қаралады. Соңғы кездері шағын футболға деген қызығушылықтары арта бастаған жастарды қолдап, тартысты ойынның куәсі болыңыздар!