«Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» облыстық жобасы Жаңақала ауданы орталығында да жалғасын тапты. Жоба аясында «Терактілік қауіпіне дайындық» бағыты бойынша кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық түсіндіру тобы ауданымызда болды. Осыған орай аудандық білім беру бөлімінде жиын өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева төрағалық етті. 

Қазіргі таңда бүкіл әлемдік деңгейде үлкен проблемаға айналып отырған мәселелердің бірі - діни экстремизм және тероризм сияқты құбылыстар екендігі ақиқат. Елімізде дәстүрлі емес діни ағымдармен күрес жалғасуда, дегенмен, діни ахуал түбегейлі жақсарды деу ерте. Бұл бағытта сөз алған БҚО IIД-нің әкімшілік полиция басқармасының арнайы тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы Бақберген Утеев (жұмыс тобының мүшесі) облыстағы діни ахуалды баяндады. Ал, БҚО IIД экстремизм және терроризм бөлімінің жедел уәкілі Миржан Омаров болса, жат ағымдарды тілге тиек етіп, лаңкестерден сақтану жолдарын тиянақты түсіндіріп берді. Сонымен қатар, кездесуде тақырыпқа сай слайд және бейнеролик көрсетілді.