Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жердің рухани қазынасы» бағыты бойынша, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ауданмызда «Ұлы дала құндылықтары» атты көрме өтті.

Көрменің басты мақсаты еліміздің батыс аумағынан табылған археологиялық құндылықтармен аудан жұртшылығын таныстыру, ата-бабамыздан қалған дәстүрлі өнерді насихаттау болып табылады.

Алғашқы боп сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлы жиынға қатысушыларды көрменің ашылуымен құттықтады.

Облыстық өлкетану музейінің экскурсоводы Мөлдір Саттарқызы көрмеге келген тұрғындарға көнеден жеткен зергерлік әшекей бұйымдарды, Тақсай обасынан табылған Сармат ханшайымы және белгілі қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың туындыларымен таныстырды

Көрмеге келген халықтың қарасы қалың болды. Көрмеде әсіресе С.Ғұмаровтың ерекеше туындылары тұрғындарды ерекше тәнті етті.

«Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп, Елбасы атап көрсеткендей, аталарымыз ұлы дала мен төл мәдениеттін мұра етті. Сондықтан көне заманнан да мәдениет деңгейінің қандай болғанын дәлелдейтін археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер жалпыға ортақ ұлттық құндылық болып сақталатыны анық.