Береке һәм бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, кең пейілді, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз ауданымызға да келіп жетіп, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Күн мен түн теңелетін, халықтың ауызы аққа толатын, малдың ауызы көкке кенелетін шақта тойланатын мерекені Жаңақала жұртшылығы да барлық салт-дәстүрі, әдет-әұрпы, сән-салтанатымен тойлады.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және аудандық мәдени демалыс орталығының қызметкерлерінің күшімен «Наурыз келді – Ұлы той» атты театрландырылған мерекелік шара өз дәрежесінде ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Достық алаңында қаз қатар тігілген жеті алыптың атындағы жеті ақшаңқан ақ киіз үйлер де мерекенің маңызын арттыра түскендей.
Мерекеге жиналған аудан халқын күмбірлеген күйлер, тамылжыған әндер елітіп, ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен құшақ айқастыра қауышып, ұлтымыздың ежелден келе жатқан ғұрыптарын бұл күні тағы бір айшықтады.

Мереке алдында ортаға ауыздығымен алысқан арғымақ мінген жігіттер келіп, Наурыз тойдың басталғанынан хабардар етіп, дүйім елге жалынды жырларымен жар салды. 

Мереке барысында үлгілі «Гүлдәурен» би ансамблі және «Нұрбибі» би ансамблінің арулары мың бұрала би билеп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Сосын «Айзере» әжелер тобы ортаға шығып, аластау рәсімін өткізді. Мұнан соң Қыдыр ата көрермен жұртшылыққа ақ батасын берді.

Өнерпаз сал серілер мен арулардың қайым айтысынан соң аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин сахна төріне көтеріліп, жаңақалалықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. 
- Жер бетіне тіршілік нәрін сепкен, дүниеге көрік берген, шырайлы жыл басы құтты болсын!-дей отырып, аудан әкімі ел-жұртқа барлық жақсылықтарды тіледі. Содан соң аудан басшысы Н.Қадырбайұлы Наурыз мерекесіне белсене қатысқан мекеме ұжымдарды және «Көшелер сайысына» атсалысқан, ынтымақ пен достықты ту еткен көше тұрғындарын марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Шарада аудандық мекеме ұжымдары ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеген түрлі көріністер қойып, көрермендердің көңілінен шықты.

Сонымен қатар, мерекеде ақ шаңқан аппақ киіз үйлер ішінде дербес бөлім, мекеме қызметкерлері ақ дастарқанға ұлттық тағамдар қойып, қонақтарға дәм ұсынды. 

Бұл күні сауда-саттық қызып, жер-жерде ыстық тағам, кәуап иісі бұрқырады. Балалар мен қыз-қырқын алтыбақан теуіп, ал білектілер мен күштілер сайысқа түсті. Қой көтеру, асық ату, арқан тартыстан жарыс ұйымдастырылды.