рисунок

26 сәуір күні аудандық рухани орталық залында «Туған жер – алтын бесігім» атты байқау өтті. Мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен алғаш рет 8-10 сынып оқушыларының арасында оздырылған білім беру және зерттеу негізіндегі байқау болатын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға оқушыларымыздың үлесін қосу бағытында өткізіліп отырған шара екенін атап өту керек. Байқаудың мақсаты – оқушылардың бойында өз Отанына, туған жерге деген мақтаныш сезімін қалыптастыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді қолдану бойынша түйінді білімдерін дамыту. Ауданымыз бойынша 14 орта білім беру ошағы болса, соның 9-ынан оқушылар үш айналымнан тұратын байқауға қатысып, өз білімдерінің деңгейін көрсетті. Байқау ұйымдастырушысы С.Борашева қатысушыларды байқаудың жүру барысымен, кезеңдерімен, әділ-қазылар алқасымен таныстырып өтті. Байқаудың алғы сөзі «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалының бірінші хатшысы Р.Саматовқа берілді.

Оқушылар «Өңіріміздің мақтаныштары мен тұлғалары» атты бірінші бөлімде берілген карта бойынша тапсырманы анықтап, мәлімет таба отырып, ғылыми жоба қорғады. Байқаудың осы кезеңінде әрбір топ аз уақыт ішінде дайындаған презентациясы арқылы тапсырманы 5-7 минут аралығында қорғап шығуға уақыт берілгенін айта кеткен жөн.
«Тарихи даталар...» атты екінші айналымда жүргізуші топтардың қорғап өткен ғылыми жобаларына қатысты тарихи даталар бойынша сұрақтар қойылды және топтың дұрыс жауабы үшін әділ қазылар 5 балл есептеп отырды. Тек топ басшысы қатысатын «Үздік топ басшы» атты үшінші кезеңде ауданымыздың көшелерінің аты беріліп, ол жайында білетін деректерін айтқан болатын. Соңғы екі айналымда сұрақтарға дұрыс жауап бермей, өрескел қателіктер жібергендері кейбір топ оқушыларының қарсыластарының қорғаған тақырыбы тыңдамағандығын аңғартты. 

Әділ-қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Айдархан мектебі қанжығасына байлады. 1-орынды Жаңақала мектебі, 2-орынды М.Мирманов және М.Жүнісов мектептері алса, 3-орынды Пятимар, С.Меңдешов және Ә.Жангельдин мектептері өзара бөлісті. Сонымен қатар, Кармановка мектебіне «Үздік зерттеушілер» тобы, Х.Нұрымғалиев мектебіне «Жеңіске деген жігер» номинациялары берілді. Барлық қатысушылар дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Әділ-қазылар төрағасы, аудандық музей директоры А.Саясатұлы бастаған топ сайыстың өту барысын, кемшілік кеткен тұстарды, өздерін көрсете білген топтарды атап өтіп, мұндай бастамалар жалғасын таба берсін деген тілек білдірді. Шара осындай «Рухани жаңғыру» бағытындағы байқауды ұйымдастыру бастамасын қолға алған мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғ.Сүлейменованың сөзімен қорытындылады.

рисунок

рисунок

рисунок

рисунок